Таразда «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Ержан Ибраев жас лейтенанттармен кездесті. Олар әскери жоғары оқу орындарын тәмамдап, оңтүстік өңірдегі әскери бөлімдерге қызметке келген жастар. Осылайша 50 жас лейтенанттың офицерлік жолы ресми түрде бастау алды.
Олардың қатарында Құрлық әскерлерінің Әскери институтының, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері, сондай-ақ шетелдік әскери академияларда білім алған офицерлер бар.Жас офицерлермен кездесу – өңірлік қолбасшылықтағы қалыптасқан дәстүр. Генерал-майор Ержан Ибраев лейтенанттарды оқуын сәтті аяқтауымен құттықтап, күнделікті қызметті ұйымдастырудың негізгі қағидалары мен оңтүстік өңірдегі әскери қызметтің ерекшеліктеріне тоқталды. Сондай-ақ офицерлердің өзара бірлігі мен тапсырмаларды орындаудағы үйлесімді іс-қимылының маңызын ерекше атап өтті. Кездесудің басты мақсаты – жас командирлердің бойында жауапкершілік пен жауынгерлік рухты қалыптастыру.