Енді медициналық мекеме ашу бұрынғыдан да қиындай түсті. Өйткені, елімізде медициналық қызметті лицензиялау талаптары күшейтілді. Бұдан былай рұқсат қағазын алғысы келетін әрбір емхана мен клиника цифрлық жүйеге қосылып, оның нақты жұмыс істеп тұрғанын дәлелдеуге міндетті. Сонымен қатар мекемелер санитариялық қорытынды алып, қажетті жабдықтармен қамтылып, мамандарының сертификаты мен соңғы бес жылда біліктілігін арттырғанын растайтын құжаттарын ұсынуы тиіс.
Лицензия алу тәртібі де өзгерді. Енді тек құжаттарды тапсыру жеткіліксіз. Арнайы комиссия мамандары медициналық ұйымға барып, цифрлық жүйенің жұмысын өз көзімен тексереді. Сонымен қатар санитариялық қорытындының болуы, білікті мамандардың жұмыс істеуі және олардың соңғы бес жыл ішінде біліктілігін арттырғанын растайтын құжаттар да назардан тыс қалмайды. Егер осы талаптардың бірі орындалмаса, лицензия берілмейді. Ал алғаннан кейін де талаптардың сақталуы қатаң қадағаланбақ.