Қазақстан мен Ресей арасында цифрлық көлік дәлізі іске қосылуы мүмкін. Мұндай ұсынысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Омбыда өткен Қазақстан мен Ресейдің ХХІІ өңіраралық ынтымақтастық форумында айтты. Биыл басқосу жаһандық логистика экожүйесін қалыптастыру тақырыбына арналды. Жиында тағы қандай бастамалар көтерілді?
Президенттің Омбыдағы жұмыс сапары Екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан боздақтардың рухына тағзым етуден басталды. Қасым-Жомарт Тоқаев соғыс ардагерлеріне арналған Омбы госпиталіндегі әкесі Кемел Тоқаевқа қойылған ескерткіш тақтаға гүл шоғын қойды. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, майдангер-жазушы Кемел Тоқаев осы госпитальде 1945 жылдың ақпанынан маусымына дейін ем алған.