Ауыл өнерпаздары Қытайда дүркіреп, Бакуде биіктен көрінді. Шу ауданындағы жас бишілер халықаралық сахналарда ел намысын қорғап, кезекті мәрте топ жарды. Бірнеше мемлекеттен келген мықтыларды артқа қалдырған таланттар ұлттық өнердің мерейін асқақтатты.


Шу ауданындағы «Арнал» би студиясы бүгінде халықаралық деңгейде танылып келеді. Ұжымның жетекшісі – кәсіби биші Айнұр Мәлік. Ол Қытайдағы Шыңжаң өнер институты мен Бейжің Ұлттар университетінің би-режиссерлік факультетін тәмамдап, жоғары дәрежелі биші атанған. Алты жыл бұрын тарихи Отанына оралған өнер иесі бүгінде жүздеген баланы ұлттық би өнеріне баулып жүр.