Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 370 дерегі анықталды. 208 кәсіпкердің лицензиясын уақытша тоқтату туралы сотқа материал жолданды. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп жүргізіп жатқан кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар саны 7,5 пайызға төмендген.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 43 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында есірткі заттарын заңсыз сақтау және пайдалану, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың масаң күйде көлік басқару фактілері бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтынғаны және масаң күйде жүргені үшін 3048 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар алкоголь өнімдерінің заңды айналымына қатаң бақылау жасалуда. Жыл басынан бері алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 370 дерегі анықталды. 208 кәсіпкерге қатысты алкоголь өнімдерін сату лицензиясының қолданысын уақытша тоқтату мәселесі бойынша материалдар сотқа жолданды. Алкогольге тәуелді азаматтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс та маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Алты ай ішінде 272 адам профилактикалық есепке қойылып, өңірдің 27 тұрғыны мәжбүрлі ем қабылдау үшін мамандандырылған медициналық мекемелерге жіберілді.Өңірде жүзеге асырылып жатқан «Алкогольсіз ауыл» жобасы да оң нәтижесін көрсетуде. Бүгінде Жамбыл облысының 56 елді мекенінде алкоголь өнімдерін сату толықтай тоқтатылған. Бұл – ауыл тұрғындарының қоғамдық тыныштықты, қауіпсіздік пен берекелі өмірді таңдағанының айқын көрінісі.