«Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Жамбыл облысының полицейлері ерекше әлеуметтік акция ұйымдастырды. Сауда орталығына келген тұрғындарға жадынама орнына «Бір стикер – бір әрекет» атты маңызды ескертулері бар арнайы стикерлер таратылды. Телефонға жапсырылған бұл стикер ата-аналарға күн сайын баласының қауіпсіздігі мен амандығына көңіл бөлуді еске салып тұрады.


Стикерлерде ата-аналарға арналған маңызды еске салулар жазылған: «Бір қоңырау» – балаңыздың халін сұраңыз; «Қауіпсіз терезе» – терезелерді тексеріңіз; «5 минут көңіл бөліңіз» – телефонды шетке қойып, балаңызбен сөйлесіңіз. Осындай қарапайым әрекеттер бала қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және отбасыдағы сенімді нығайтуға көмектеседі. Акция сауда орталығына келушілердің үлкен қызығушылығын тудырды.Көптеген ата-ана стикерлерді бірден телефондарына жапсырып, оның күнделікті өмірде пайдалы болатынын айтты. Іс-шара барысында полицейлер 300-ден астам стикер таратып, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ата-ананың күнделікті назары мен қамқорлығынан басталатынын еске салды.