Меркі тауларының табиғи байлығы мен шаруашылық әлеуетін қатар дамыту аудан билігінің басым бағыты. Сондықтан да қазір Сандық жайлауында мал шаруашылығының тынысы кеңейіп, туризм саласын дамытуға ерекше мән берілуде. Өңірдегі жұмыстардың барысын бағамдау үшін аудан әкімі жайлауға арнайы барып, малшылардың жағдайын көріп, жайылымдық жерлердің тиімді пайдаланылуымен танысты.
Бүгінде Меркі ауданында 323 мыңнан астам ұсақ мал, 49 мың ірі қара және 25 мың жылқы өсіріледі. Сандық жайлауы – осы малдың басым бөлігі жайылатын маңызды өңірлердің бірі. Өңір экономикасына серпін беріп отырған кәсіпорындардың бірі – Меркі ет комбинаты. Кәсіпорын бірнеше жылдан бері Біріккен Араб Әмірліктеріне ет экспорттайды. Биыл мемлекет қолдауымен 10 мың бас еділбай тұқымды аналық қой сатып алынып, олардың бір бөлігі осы жайлауға жеткізілді. Бұл экспорт көлемін тұрақтандыруға мүмкіндік береді.