«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында Тараз қаласындағы «Қазақ хандығы» монументінде «Тарихи өлкенің тазалығы» атты экологиялық акция ұйымдастырылды. Акцияға 50-ден астам белсенді жас, еріктілер мен жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, тарихи нысанның айналасын тұрмыстық қалдықтардан тазартты.
Қаланың көрнекті символдарының бірі – Қазақ хандығының 550 жылдығына орай бой көтерген «Қазақ хандығы» монументі. Бұл нысан қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуын, Керей мен Жәнібек хандар негізін қалаған дербес хандықтың тарихын бейнелейді. Сондықтан монументтің тазалығы – тек санитарлық тәртіп емес, ұлттық тарих пен рухани мұраға деген құрметтің көрінісі, - дейді ұйымдастырушылар. Келесі экологиялық акция ерте ислам дәуірінен сақталған көне мешіт аумағында өткізіліп, тарихи нысан маңындағы арықтар мен аумақты тазалау жұмыстары жүргізіледі.