Астанада алғаш рет «Болашақ ойындары 2026» халықаралық мультиспорттық турнирі басталды. Бұл – киберспортты, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларды бір арнаға тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық жарыс. Білек пен білімді астастырған аламан 9 тамызға дейін жалғасады.
Биылғы «Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі – жарыс клубтық форматта өтеді. Спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады. Турнир аясында сегіз дисциплина бойынша жарыс өтеді. Ол сайыстар Астанадағы төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады. Жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 миллион 650 мың доллар болмақ.