Қазір шілденің шілінгір ыстығы мықтап күшіне кірді. Таразда ауа температурасы +40 градустан жоғарыны көрсетуде. Соның салдарынан түрлі дерт дендеп, әсіресе жіті ішек инфекциялары мен тағамнан улану қаупі бірнеше есе артуда. Мәселен, биыл еліміздегі қоғамдық тамақтану орындары мен білім беру ұйымдарында топтық уланудың 8 оқиғасы тіркелді. Ал Меркі ауданында қауіпті бактерияны 21 адам жұқтырған.
Жаз – демалыс маусымы ғана емес, эпидемиологиялық қауіптің де күшейетін кезеңі. Ауа температурасының жоғарылауы бактериялардың жылдам көбеюіне қолайлы жағдай жасайды. Жамбыл облысының санитариялық дәрігерлерінің мәліметінше, жіті ішек инфекцияларының 78 пайыздан астамы жеке бас гигиенасының қарапайым талаптарын сақтамау және үй жағдайында дайындалған күмәнді тағамдарды тұтынумен тікелей байланысты.