Жамбыл облысында қоршаған ортаны ластаған құқық бұзушыларды анықтау жұмыстары жалғасуда. Нәтижесінде 44 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп рейдтік іс-шаралар өткізіп, құрылыс нысандарында, сауда орындарында, кәсіпорындарда және өзге де ұйымдарда аумақтарды абаттандыру қағидалары мен санитариялық талаптардың сақталуын тексеруде.


Аталған жұмыс «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыс аумағында 44 123 экологиялық құқық бұзушылықтың жолы кесілген. Оның ішінде аумақтарды абаттандыру қағидаларын және коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу талаптарын бұзудың 35 872 дерегі, сондай-ақ ортақ пайдаланылатын орындарды ластаудың 8 251 дерегі тіркелген. Заңсыз қоқыс үйінділерін анықтау және жою мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Сондай-ақ, алты ай ішінде облыс аумағында қалдықтарды заңсыз орналастырудың 417 орны анықталыпты. Әрбір дерек бойынша тиісті шаралар қабылданып, кінәлі тұлғалар заңнама талаптарына сәйкес жауапкершілікке тартылуда. Профилактикалық іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері азаматтарға абаттандыру қағидаларының талаптарын түсіндіру жұмыстарын да жүргізуде.