Жыртылған Ту, ескірген Елтаңба болмаса мүлде орнатылмаған мемлекеттік рәміздер. Мұндай кемшіліктер өңірдегі мониторинг барысында анықталған. Енді оларды жою ғана емес, заң талаптарын қатаң сақтау міндеті қойылып отыр. Ал мемлекеттік рәміздерді пайдалану тәртібіне қандай өзгерістер енгізілді? Бұл мәселе облыс әкімдігінде өткен мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысында кеңінен талқыланды.
Комиссия отырысына облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, басқарма басшылары, аудан әкімдерінің орынбасарлары мен комиссия мүшелері қатысты. Жиында өңірде мемлекеттік рәміздерді пайдалану және оларды күтіп ұстау талаптарының сақталуы баяндалды. Мониторинг нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталған. Атап айтқанда, кейбір мекемелерде Мемлекеттік Ту мүлде орнатылмаған. Ал кейбір ғимараттарда өңі кеткен, жыртылған немесе тозығы жеткен Тулар қолданылып келген.