Тараздың ең көне демалыс орындарының бірі – «Мамыр бағы» алдағы уақытта жаңа кейіпке енеді. Көп жылдан бері күрделі жөндеу көрмеген саябақта ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заманауи экологиялық кеңістік қалыптастырылады. Жоба аясында тоғайдың табиғи болмысы сақталып, оның басты құндылығы – жасыл желегі мен тыныш атмосферасына басымдық беріледі.
2025 жылы Мамыр тоғайын абаттандырып, экосаябақ құру жобасы мемлекеттік сараптамадан өтіп, оң қорытынды алды. Жоба аясында аумақта спорттық аймақ пен балаларға арналған ойын алаңын салу қарастырылған. Сонымен қатар тоғайдың оңтүстік бөлігін бойлай өтетін су арнасы абаттандырылып, серуендеу жолдары бар көрікті табиғи ландшафттың бір бөлігіне айналады. Саябақ Қазақстандағы ең үлкен экосаябақтардың бірі болады деп күтілуде.