Жазғы демалыс – балалар үшін қызықты кезең. Ал олардың қауіпсіздігі – басты міндет. Осыған байланысты Жамбыл облысында полиция қызметкерлері мемлекеттік органдармен бірлесіп, жазғы сауықтыру лагерьлерінде кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізуде. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тәртіп сақшылары құқық бұзушылықтар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға басымдық беріп отыр.


Өңірдегі барлық қала сыртындағы, спорттық және мектеп жанындағы лагерьлерге полиция қызметкерлері бекітілген. Қала сыртындағы алты лагерьде 43 полицей балалардың қауіпсіздігін күнделікті бақылауда ұстайды. Ерекше назар судағы қауіпсіздікке аударылған. Экскурсиялар мен түрлі іс-шаралар кезінде балаларға суда өзін ұстау ережелері түсіндіріліп, ересектердің бақылауында болудың маңызы айтылады. Сонымен қатар, мамыр айынан бері полиция мен Төтенше жағдайлар департаменті бірлесіп балалар көп жиналатын демалыс орындары мен су айдындары маңында 442 рейд өткізді.