Жамбыл облысының аумағында жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыру мақсатында «Жаяу жүргінші» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Рейдтік іс-шаралардың үш күні ішінде полиция қызметкерлері Жол қозғалысы қағидаларын бұзудың 3177 дерегін анықтап, жолын кесті. Іс-шара барысында жаяу жүргіншілердің Жол қозғалысы қағидаларын сақтауына ерекше назар аударылуда. Есепті кезеңде жолдың жүру бөлігін кесіп өту және жол қозғалысына қатысу кезінде белгіленген қауіпсіздік талаптарын бұзған 760 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілерге жол бермегені үшін 127 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жедел-профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау қажеттігін ескертті.