Бүгін – Ветеринария қызметкерлері күні. Елімізде 15 мыңға жуық ветеринар маманы еңбек етеді. Мерекеге орай әріптесім Ләйлә Аманбай мейірім мен міндетті қатар алып жүрген жандардың еңбегімен танысып қайтқан болатын.
Таңмен таласа жұмысын бастайтын Әлімбай Сейінәлиев үшін бұл – жай ғана мамандық емес, өмірлік таңдау. Ол Байзақ ауданы Ботамойнақ ауылдық округінің ветеринариялық бекетін басқарып, салада 38 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келеді. Осы уақыт ішінде мыңдаған малды емдеп, талай індеттің алдын алуға атсалысты. Оның күнделікті жұмысы жоспарлы екпе жүргізумен ғана шектелмейді. Мал ауырса да, төлдеу кезінде көмек қажет болса да, жұқпалы аурудың қаупі туындаса да ең бірінші болып жететін – ветеринар.