Өңірде құқық бұзушылықтардың жалпы деңгейі 16,4 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, аса ауыр қылмыстар – 48,5 пайызға, ауыр қылмыстар – 18,3 пайызға, орташа ауырлықтағы қылмыстар – 7,2 пайызға, онша ауыр емес қылмыстар – 17,6 пайызға, сондай-ақ қылмыстық теріс қылықтар – 23,1 пайызға азайды. Бұл деректер Жамбыл облысы Полиция департаментінің бастығы Қайсар Сұлтанбаевтың төрағалығымен өткен жедел кеңесте баяндалды.
Жиында 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел-қызметтік жұмыстың қорытындылары шығарылды. Сондай-ақ жеке құрам арасындағы қызметтік тәртіп пен заңдылықтың жай-күйі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту мәселелері қаралды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша жедел-қызметтік жұмыста оң нәтижелерге қол жеткізілген. Мәселен, ауыл тұрғындары үшін аса өзекті қылмыс түрлерінің бірі болып саналатын мал ұрлығына қарсы күреске ерекше көңіл бөлінген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде мұндай қылмыстар саны 25,6 пайызға төмендепті. Ал, жол-көлік оқиғаларының саны 12,6 пайызға, қаза тапқандар саны 7,1 пайызға, зардап шеккендер саны 11,8 пайызға азайған.