Жамбыл облысында «Қарасора 2026» республикалық жедел профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Құқық қорғау органдары Шу ауданының құмды аймағында рейд жүргізді. Тәртіп сақшылары жабайы қарасора өсімдігін жою жұмыстарын қолға алды. Іс-шара есірткі шикізатының өзге өңірлерге таралу жолын кесуге бағытталған.
Аталған бағыттағы заңсыздықтардың жолын кесуге Ішкі істер министрлігі Алматы академиясының курсанттары жұмылдырылды. Болашақ мамандар үшін «Дельта Долина» ауданаралық бөлімінің базасында тәжірибелік сабақ ұйымдастырылды. Тыңдаушылар есірткі қылмыстарына қарсы жедел іздестіру тактикасымен танысып, заманауи арнайы техниканың мүмкіндіктерін меңгерді. Бірлескен іс-қимыл жоспарына сәйкес құмды аймақтағы жабайы сораны шауып, өртеу әдісімен жою шаралары іске асырылды. Нәтижесінде 110 гектар аумақтан 71 тонна жабайы қарасора жойылды. Қазіргі уақытта заңсыз айналымның алдын-алу және анықтау жұмыстары жалғасуда.