Жазғы демалыс қызыққа толы болғанымен, қауіпсіздік мәселесін естен шығармау маңызды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы мақсатта Жамбыл облысында полиция қызметкерлері мен Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бірлесіп, профилактикалық іс-шара ұйымдастырды.
Түсіндіру жұмыстары барысында ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, демалыс кезінде қауіпсіздік шараларын күшейту және қауіпсіз орта қалыптастырудың маңызы түсіндірілді. Полицейлер тұрғындарға суға тек арнайы жабдықталған орындарда шомылуды, мас күйінде суға түспеуді және құтқару құралдарын пайдалануды ескертті.Сондай-ақ көпқабатты тұрғын үйлерде балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мамандар масаға қарсы торлардың қорғаныс құралы еместігін айтып, терезелерге арнайы шектеу құрылғылары мен қорғаныс бекіткіштерін орнатуға кеңес берді.Іс-шара соңында тұрғындарға қауіпсіздік ережелері қамтылған ақпараттық жадынамалар таратылды.