Жас отбасылардың негізгі мәселелері қандай? Осы салмақты сауалдың жауабын саралаған жиын облыс орталығында ұйымдастырылды. Себебі, бүгінде қоғамда жас жанұялардың алдында тұрған мәселелер де аз емес. Бірі – тұрмыстық қиындықтармен бетпе-бет келсе, енді бірі – қарым-қатынасты сақтап, отбасылық құндылықтарды нығайту жолында ізденуде.


Басқосуда жас отбасылардың алдында тұрған өзекті мәселелер талқыланып, ажырасудың алдын алу жолдары мен мемлекет ұсынатын тегін қолдау қызметтері таныстырылды. Соңғы жылдары алғашқы қиындықтарға төтеп бере алмай, некесін бұзатын жас отбасылардың саны артып келеді. Осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Тараз қаласында «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс істейді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен ашылған орталық өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға әлеуметтік, психологиялық және заңгерлік көмекті тегін көрсетеді.