«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында табиғатты түлетуге бағытталған тың тірліктер тынымсыз жалғасуда. Жыл басынан бері республика бойынша 1 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылып, жасыл желекті көбейтуге басымдық берілді. Бұл туралы Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңесте айтылған еді. Табиғатты қорғау, тазалықты сақтау және тұрғындарға таза орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар өңірлерде жүйелі жүргізілуде.


Жыл басынан бері 1 млн ағаш көшеті отырғызылды. Ал 4 миллионнан астам азамат, оның ішінде 510 мың ерікті жұмылып, 200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырды. Соның нәтижесінде 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық шығарылса, оның 116 мыңға жуық тоннасы қайта өңдеуге жіберілді. Үш жыл ішінде елді мекендерге 5,6 миллионнан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қорында 1 миллиардтан астам көшет егілді. Жалпыхалықтық жасыл бастама Жамбыл жерінде де жемісті жалғасын табуда. «Жасыл Ел-Тараздың» мәліметіне сәйкес, 2026 жылдың наурыз–мамыр айларында Тараз қаласында 16 847 ағаш және сәндік бұта көшеті отырғызылған. Жасыл желек Бәйтерек, Арай-2, Ұлы Дала, Қарасу тұрғын алқаптары мен қала көшелері, аллеялары және қоғамдық кеңістіктерге егілді.