Бүгін әскери медицина күні. Қазақстан Қарулы Күштерінің мерекелер күнтізбесінде 8 шілде әскери қызмет пен медицина саласын қатар алып жүрген мамандардың кәсіби мерекесі. Олар әскери борышын абыроймен атқарып қана қоймай, күн сайын әріптестерінің денсаулығын қорғауға үлес қосады. Оңтүстік «Өңірлік» қолбасшылығының әскери дәрігерлері де осы жауапты міндетті жоғары деңгейде атқарып келеді.
Әскери дәрігерлердің сарбаздар мен офицерлерге алғашқы медициналық көмегі әскери бөлімдерден басталады. Медициналық роталар мен медициналық пункттерде жеңіл жарақаттар мен сырқаттарға ем көрсетіліп, ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін жағдайларда көмек беріледі. Ал күрделі жағдайларда әскери госпиталь мамандары іске кіріседі. Осы жүйенің жұмысын үйлестіретін негізгі буын – Оңтүстік «Өңірлік» қолбасшылығының медициналық қамтамасыз ету бөлімі. Мұнда жауапкершілік аймағындағы барлық әскери бөлімдердің жеке құрамының денсаулығына қатысты мәліметтер жинақталады. Бұл ақпарат медициналық қызметтің мүмкіндіктерін бағалап, қажет болған жағдайда әскери госпитальдің көмегіне жүгіну үшін маңызды.