Әулиеатадағы тарихы терең білім ордасы тағы бір тағылымды кездесу алаңын ұйымдастырды. М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің түлектері «Дулати – білім бесігі: болашаққа сеніммен, ұрпақтар сабақтастығы» атты форумында бас қосты. Жиынға облыс әкімі, зиялы қауым өкілдері, университеттің әр жылдардағы түлектері мен студент жастар қатысты. Басқосуда оқу ордасының ел дамуына қосқан үлесі мен бүгіні мен болашағы, сондай-ақ, жетістіктер кеңінен сөз болды.
Тарихы сонау 1958 жылдан бастау алатын, алғашқыда Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиясы институты болып құрылған оқу ордасы сол уақыттан бері сан мыңдаған түлекті ұшырды. Жарты ғасырдан астам уақыт ішінде іргелі білім ұясына айналды. Саналы ғұмырын ел дамуына арнаған білікті мамандар осы оқу ордасынан қанат қақты. Бүгінгі кездесудің басты мәні – университеттің түлектерінің басын қосып, тәжірибе алмасу, жас ұрпаққа өнеге көрсету, деп атап көрсетті әкім.