Түн тыныштығын күзеткен тәртіп сақшылары бұл жолы жастар көп жиналатын орындарды бақылауға алды. Жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында ұйымдастырылған ауқымды рейдтер барысында полиция қызметкерлері ойын-сауық орындарын, көшелерді, аулалар мен саябақтарды жіті тексерді. Қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған шаралар түнгі қала тіршілігін толық қамтыды.

Кезекті рейд барысында полиция жасөспірімдер мен ойын-сауық орындарына қатысты ондаған құқықбұзушылықты анықтады. Түн ішінде заңды өкілінсіз жүрген жасөспірімдер, талапты елемеген көңіл көтеру орындары мен бала тәрбиесіне салғырт қараған ата-аналар жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, рейд тек ойын-сауық орындарымен шектелмей, жол қозғалысы да жіті бақылауға алынды. Нәтижесінде жүзден астам жүргізушіге хаттама толтырылып, ондаған көлік айып тұрағына қойылды. Полицейлер ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне бейжай қарамауға және олардың бос уақытын бақылауда ұстауға шақырды.