«AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы жанындағы Білім мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі аймақтық кеңесінің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде жұқпалы аурулардың жағдайы мен олардың алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, онкологиялық аурулардың көрсеткіштері мен медициналық көмек көрсету мәселелері баяндалды.

Кеңес отырысында денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары тақырып төңірегінде баяндамасын оқыды. Бірақ кеңес мүшелерінің оған көңілі толыңқырамады. Өйткені, Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында маусымдық кезеңдерде науқастар санының күрт артуы байқалады. Нәтижесінде қабылдау бөлімдерінде ұзақ кезек қалыптасып, дәрігерлерге түсетін жүктеме көбейуде. Кейбір медициналық құрал-жабдықтардың тозуы да қызмет сапасына әсер етуде. Облыстық онкологиялық орталықта онкологиялық ауруларды ерте анықтау мәселесі әлі де өзекті болып отыр. Әсіресе КТ, МРТ және басқа да диагностикалық тексерулерге ұзақ кезек қалыптасқаны байқалады. Аудан тұрғындары үшін мамандандырылған көмектің қолжетімділігі жеткіліксіз. Жастар арасында синтетикалық есірткі, электрондық темекі және лудомания мәселесінің күшейіп келе жатқаны айтылды. Туберкулез бойынша да мәселелер бар. Әсіресе кейбір науқастардың емді толық қабылдамауы және әлеуметтік осал топтар арасындағы профилактикалық жұмыстардың жеткіліксіздігі алаңдатады.