Қазақстанда қаржылық алаяқтық деректері күн санап көбеюде. Алаяқтар да қарап отырған жоқ — уақыт өткен сайын айла-тәсілдерін жетілдіріп, сенімге кірудің небір күрделі жолдарын меңгерген. Бірі өзін «банк қызметкері» ретінде таныстырып хабарласса, енді бірі жалған интернет-дүкендер арқылы тұтынушыларды тұзаққа түсіреді. Қоғамда өршіп тұрған бұл мәселенің алдын алу үшін экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Өзіңнен баста — отбасыңның әл-ауқатын қорға» атты акция ұйымдастырды.

ІІМ деректеріне сүйенсек, интернет пен телефон арқылы жасалатын алаяқтық еліміздегі ең жиі тіркелетін қылмыстардың қатарында. Себебі, тек соңғы бір жылдың өзінде қазақстандықтар интернет алаяқтардан сан соғып, миллиардтаған теңгеден айырылған. Бұдан бөлек, жалған онлайн-дүкендер де көбейген: сенімге кірген «сатушыға» ақша аударылған соң, ол із-түзсіз ғайып болады.