Көктем мерекесі жалғасуда. Наурызнама Назарбаев Зияткерлік мектебінде кең аталып өтті. Ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған бұл тағылымды шараға 800-ге жуық адам қатысты.
Көктемнің шуақты күні мектеп ауласы ерекше мерекелік көңіл күйге бөленген. Айнала ұлттық ою-өрнектермен безендіріліп, киіз үйлер тігіліп, қазан-қазан наурыз көже дайындалып жатыр. Наурыз мейрамы мектеп табалдырығын аттаған әрбір адамдға ерекше сезіліп тұр, оқушылар ұлттық киіммен қарсы алып, ақжарма тілектерін жаудырды. Бір сәтте сахна төрінде домбыраның күмбірі естіліп, әсем ән шырқалды. Оқушылар қазақтың салт-дәстүрлерін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, ата-аналар мен ұстаздар да бұл мерекеден шет қалмай, ортаға шығып, бірге би билеп, ойындарға қатысты. Балалардың шат күлкісі мен үлкендердің ақ батасы үйлесім тауып, мерекенің сәнін келтірді.