Соңғы бес жылда елімізде шахталардағы апаттардан 100-ден астам кенші қаза тапты. Негізгі себеп - улы газ бен кенеттен тұтанатын өрт. Тараз қаласында оқушы қауіпке қарсы тың шешім ұсынды. Ол «ақылды каска» ойлап тапты. Газ бен өртті анықтайтын, бейнебақылау жүргізетін, төтенше жағдайда белгі беретін бас киім адам өмірін қорғауға арналған.

«SmartКАС» ақылды каскасының авторы - 15 жастағы Жансезім. Ол екі ай бойы кеншілердің жұмысын зерттеп, қарапайым бас киімге түрлі датчиктер орнатқан. Каска әзірге 100 метр тереңдікте тексерілген. Сондай-ақ, бұл жоба биыл Астана қаласында республика бойынша өткен байқауда 2500 жобаның ішінен бірінші орынға лайық деп танылды.