Өмірі өнеге, өлеңі еліне өсиет болған, есім-сойы алашқа танымал белгілі ақын, мәдениет қайраткері Нарша Қашағанұлының туғанына биыл 75 жыл толды. Осыған орай, ақынды туған жұрты еске алды. Қаратау қаласында әдеби –сазды, тағылымға толы кеш өтті. Онда жыр жампозының көзін көрген ел ағалары ол жайлы есті естеліктер айтып, сөзіне жазылған әсем әндер шырқалды.

«Ақ қағазды алдыма алған сәттерде, Ар алдында отырғандай сезінем» деп жырлаған баршаның Наршасы болған ақын тілдің киесін, сөздің жүйесін, оқырман қадірін жете түсінген. Оның жазған жырлары әрбір жүрекке жол тапты, әр туындысын оқырманға олжа салар аламанға баптаған тұлпардай біліммен жемдеп, парастапен әбзелдеп, талғаммен тағалап барып бәйгеге қосатын. Еске алу кешінде ол туралы әсерлі әңгіме айтылып, жақсылығы жыр болып төгілді.