Облыста түйе шаруашылығы да жақсы дамып келеді. Бүгінде ойсыл қараның саны 9 мыңнан асты. Негізінен түйеменен Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандарының шаруалары айналысады. Мойынқұм өңіріндегі Қылышбай ауылындағы «Дархан» шаруа қожалығы 150 бас нар ұстап, ет және сүт өнімдерін аудан тұрғындарымен қатар, Алматы қаласына да өткеруде.
Түйеменен айналыса бастағандарына 7 жылдан асқан Дархан шаруа қожалығы бүгінде төрт түліктің төресін 150-ге жеткізіпті. Басында 10-шақты нармен бастаған шаруашылық былтырға дейін тек оны көбейтумен келген. Бір кездері Мойынқұмда екі өркешті асыл тұқымды түйелер жақсы дамыса, соңғы кезде азайып бара жатқан бұл ойсыл қараның төлдерін де сатып алыпты. Сонымен қатар, Сарысу, Талас аудандарыменен қатар, Қызылорда, Маңғыстаудан да бір өркешті түйлер жеткізіп, жер сіңдіріліпті. Шөл және шөлейтке жақсы шыдас беретін бұл бозінгендер сүтті мол береді. Ал жергілікті екі өркештілер етті болып келеді,-дейді шаруа.