Қазір елімізде көктемгі мал төлдету науқаны қарқынды жүріп жатыр.Шаруалар сақманға кірісіп, төрт түліктің басын көбейтуде. Меркі ауданында төрт түлік малдың төлдеуі қарқынды жүргізілуде. Кәсібін әзірге мал басын көбейтуге арнаған «Жылыбұлақ» шаруа қожалығында жұмыс қызу жүріп жатыр.
Аудан орталығынан 60 шақырым қашықтықта орналасқан шаруашылықта 449 бас жылқы бар. Оның 249-ы – аналық бие. Көктемгі төлдеу науқаны нәтижесінде биелердің жартысынан астамы құлындап, жұмыс қызуда.Сонымен қатар қожалықта 203 бас сиыр бар. Оның 91-і аналық сиыр. Қазіргі таңда ірі қара мал да төлдеп, көрсеткіштері тұрақты қалыптасуда.