Қазақстанда тауар айналымы 8,9 пайызға өсіп, 80 триллион теңгеден асты. Бұл туралы Президент қабылдауында болған Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев айтты. Былтыр электронды сауданың көлемі 3,9 триллион теңгеге жеткен. Елімізде 10 логистика орталығынан тұратын желі қалыптасты. Мемлекет басшысына Еуразиялық экономикалық одақ аясында атқарылып жатқан жұмыстар баяндалды. Ұйым құрылғаннан бері 70 сауда кедергісінің 69-ы жойылды. Келіссөздер нәтижесінде еліміздің бірқатар мәселеге қатысты ұстанымы ескерілді. Президент министрлікке заманауи сауда экожүйесін қалыптастыру, отандық өндірістің өсуіне қолайлы жағдай жасау, тұтынушылардың құқықтарын жан-жақты қорғау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.