Әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы заңның қабылданғанына екі жыл болды. Жауаптылардың сөзінше, биыл алғашқы 3 айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 575 хабарлама түскен. Алайда соның тек 11-і қылмыстық жауапкершілікке өткен. Бұл көрсеткіш өткен жылы 17 болған. Иә, тіркелген жағдай азайған. Десе де, отбасылық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету орталығына жүгінушілер саны артқан. Қазіргі таңда мұнда 41 адамға арнайы әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетілуде.

Бұл – қаладағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге арналған арнайы әлеуметтік орталық. Мекеме 2014 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде мұнда 2 мыңға жуық адам көмек алған. Соның 769-ы отбасымен қайта табысқан. Ал өткен жылы орталыққа 300-ге жуық азамат жүгінсе, биылғы жылдың алғашқы үш айында 66 адам қызмет алып үлгеріпті.