Жамбылдық полицейлер 5600-ден астам жол ережесін бұзған жаяу жүргіншілерді анықтады. Жаяу жүргіншілердің жол ережелерін бұзу фактілері жиілеп отыр. Азаматтар белгіленбеген жерден жолды кесіп өту, жақындап келе жатқан көліктің алдынан шығу және бағдаршам талаптарын елемеу арқылы өз өмірлеріне қауіп төндіруде.
Мамандардың айтуынша, жаяу жүргіншілер де жүргізушілер сияқты жол қозғалысының толыққанды қатысушылары болып табылады және белгіленген ережелерді сақтауға міндетті. Әрбір құқық бұзушылық жол-көлік оқиғаларына әкелуі мүмкін, ал мұндай жағдайда жаяу жүргінші ең осал тарап саналады. Жыл басынан бері өңірде 5682 жаяу жүргінші әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Осыған байланысты Жамбыл облысының Полиция департаменті тұрғындарды жолда мұқият болуға, тек белгіленген өткелдер арқылы өтуге және бағдаршам сигналдарын қатаң сақтауға шақырады.