Мойынқұм ауылындағы аудандық мәдениет үйінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Аудандық прокуратураның үйлестіруімен өткен шараны Мансап орталығы, «Жастар» ресурстық орталығы және пробация қызметі бірлесіп өткізді. Негізгі мақсат – жұмыссыз азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтуға қолдау көрсету және ірі мекемелердің кадрлық қажеттілігін өтеу.
Шара барысында ауданға жұмыс күші қажет бірқатар ірі кәсіпорындар өздерінің бос жұмыс орындарын ұсынды. Мойынқұмдағы ірі зауыттардың өкілдері қатысып, вакантты қызметтер туралы ақпарат беріп, тұрғындардың түйіндемелерін қабылдады. Кәсіпорындардың кадр бөлімінің мамандары жұмыс іздеушілермен жеке сұхбат жүргізіп, еңбек шарттары мен талаптарын түсіндірді.