Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласы жаңа белестерді бағындыруда. Бүгін өңірлік БАҚ өкілдері ауқымды пресс-турда саладағы көптеген жетістіктермен танысты. Іс-шара облыстық көпсалалы ауруханадан басталды. Бүгінде бұл жай ғана аурухана емес, әлемдік емдеу стандарттарын енгізетін жетекші жоғары технологиялық орталық.

Жамбыл облыстық көпбейінді ауруханасы – өңірдің медициналық қызмет көрсету саласында жетекші орын алатын маңызды мекеме. Бұл аурухана облыс тұрғындарына мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсететін үлкен емдеу-диагностикалық және консультациялық орталық ретінде қызмет атқарады. Пресс-турдың алғашқы аялдамасы – 2024 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан өңірдегі алғашқы ревматология орталығы болды. Бұл орталықтың ашылуы өңірде ревматологиялық ауруларды дер кезінде диагностикалау мен емдеуді жақсартуға зор мүмкіндік беріп отыр. Орталықта пациенттердің динамикалық бақылауы ұйымдастырылып, базалық дәрілерді уақытылы тағайындау арқылы олардың өмір сапасы айтарлықтай жақсартылуда.

Мұнда сондай-ақ, физиотерапия мен емдік дене шынықтыру әдістері де қолданылады, пациенттерге мүгедектікті алдын алу бағытында арнайы шаралар ұсынылады. Күндізгі және тәулік бойғы стационарлармен қатар амбулаторлық қызметтер кеңейтіліп, пациенттер тексеруден өтіп, консультация мен ем қабылдай алады. Ревматологиялық орталықтың құрылуы буын ауруларымен ауыратын науқастарға кешенді көмек көрсетуді қамтамасыз етіп, денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жаңа деңгейге көтеруде.