Нан пісіріп, ырысын арттырған. Берекелі кәсіпті табыс көзіне айналдырып, алақандай ауылда наубайхана ашқан кәсіпкердің тірлігі көпке үлгі. Ауылдастарын сапалы өніммен қамтып отырған Нұржан Әлікенов Меркіде тұрады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ол бүгінде бір орында тоқтап қалмай, кәсібін ұлғайтып отыр.
Ауылда наубайхана ашылғанына алты айға жуық уақыт болған. Осы уақыт аралығында кәсіп иесі жергілікті тұрғындарды балғын әрі сапалы нан өнімдерімен қамтамасыз етіп келеді. Нұржан кәсіпкерлік саласында 15 жылдан бері табысты еңбек етіп, мол тәжірибе жинақтаған. Өз ісін одан әрі дамыту мақсатында ол «Ауыл аманаты» жобасының 5-бағыты аясында жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтуге мүмкіндік алыпты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында қажетті құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, өндіріс көлемін ұлғайтқан.