Сарысу ауданында «Ата Заң – Тәуелсіздігіміздің тұғыры» атты салтанатты жиын өтті. Онда аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, Конституциямыз еліміздің тірегі екенін айтып, алдағы келе жатқан саяси науқанға барлық тұрғындарды белсенді болуға шақырды. Ал концерттік бағдарламада аудандық мәдениет үйінің әншілері әсем әннен шашу шашып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Патриоттық рухтағы әндер шырқалып, ел бірлігі мен тәуелсіздіктің қадір-қасиеті кеңінен насихатталды.
Ұлы Конституциямыз - кемел келешегіміздің кепілі. Айбарлы Ата Заңымыз елдігіміздің айғағы, ұлтымыздың тұтастығы. Еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізген шақта Конституцияны бекітіп, мемлекеттік құқықтық актілерді қалыптастырды. Бүгінде ұлт тағдыры ұштасқан Ата Заңымыз - егемендіктің жарқын көрінісі болары анық. Салтанатты шарада Мемлекеттік Ту салтанатты түрде сахнаға әкелініп, Әнұран шырқалды. Жиында ардагерлер кеңесінің өкілдері мен белсенді жастар рухты сөздерін арнап, халықты алдағы маңызды іс-шараға бірауыздан қатысуға үндеді.