Жеделдік пен жанашырлық.Балаларға көмек көрсеткен жамбылдық тәртіп сақшылары марапатталды. Департамент басшылығына балаларына көмек қолын созған полицейлерге алғыс білдіру туралы ата-аналардан өтініштер келіп түскен.

Мектепке бара жатып, адасып кеткен 8 жастағы оқушы қыздың жол жиегінде жылап тұрғанын полиция қызметкерлері патрульдеу кезінде байқайды.Тәртіп сақшылары қыздан мән-жайды анықтап, тәттілер беріп, оны мектепке аман-есен жеткізген. Сондай-ақ полицейлер қоғамдық көлікте ұялы телефонын қалдырып кеткен 11 жастағы жасөспірімге де жедел көмек көрсетті.Абдырап қалған оқушы бала жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлеріне жүгінген. Полицейлер жағдайға дереу әрекет етеді. Жедел басқару орталығына хабар беріп және қалалық бейнебақылау камералары арқылы автобустың қозғалыс бағыты анықталып, жедел әрекеттердің нәтижесінде автобус уақытылы тоқтатылып, жоғалған ұялы телефон табылған. Осылайша, Жамбыл облыстық Полиция департаментінің кәмелетке толмағандарға көмек көрсету кезінде ерекше көзге түскен қызметкерлері алғысқа бөленіп, марапатталды. Полиция майоры Азат Смағұлов, полиция капитандары Руслан Аяпбергенов пен Бақтияр Рахметбаев, сондай-ақ аға лейтенант Ернұр Төлеубаевқа алғыс хаттар табыс етілді. Марапаттау барысында мектеп оқушысының анасы тәртіп сақшыларына қамқорлығы мен жеделдігі үшін шынайы ризашылығын білдірді.