Өңірде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды күшейтуге бағытталған «Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақтың кепілі» атты облыстық форум өтті. Іс-шара «Бақытты болашақ» оқушылар сарайында ұйымдастырылып, оған құқық қорғау органдарының қызметкерлері, жергілікті атқарушы билік өкілдері, мектеп директорлары, ата-аналар қауымдастығының мүшелері қатысты.

Талқылау барысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, буллингтің, топтық төбелестердің, бопсалаудың, ұрлықтың, сондай-ақ есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқық бұзушылықтардың және жасөспірімдерді заңға қайшы әрекеттерге тартудың профилактикасына ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың құқықтық мәдениеті мен заңға бағыну мінез-құлқын қалыптастырудағы отбасы мен мектептің рөлі жеке қарастырылды. Форум аясында жасөспірімдердің құқық бұзушылыққа деген тұрақты теріс көзқарасын қалыптастыруға бағытталған құқықтық мазмұндағы бейнероликтер көрсетілді.