Ш.Уәлиханов кітапханасының ұйытқы болуымен белігілі сатирик, ақын, ақпарат саласының үздігі Бақытжан Әлімқұловтың 60 жылдық мерейтойына арналған әдеби – сазды кеш өтті. «Сөзбен түйреп, оймен түзеу» деп аталатын рухани кешке зиялы қауым өкілдері, қаламгердің замандас аға –інілері мен студент жастар қатысты. Сондай-ақ кеш аясында мерейтой иесіне әннен шашу шашып, ақ жарма тілектер айтылды.
Бақытжан Әлімқұлов сатира жанрында қоғамдағы кемшіліктерді астарлы әзілмен түйреп ой салады. Сонымен қатар ол, балалар әдебиетінде ұрпақ тәрбиесіне бағытталған мазмұнды туындыларымен де танылған қаламгер. Ал, жергілікті Жамбыл арнасында шалғайдағы ауылдардың тыныс тіршілігін, ағайынның үнін жеткізіп келе жатқанына 30 жылдың жүзі болды. Бүгінгі рухани кешке арнайы келген, сатира саңлағының қаламгер ағалары естеліктер айтты.