Жеке тұлғаны аңдып, қайта-қайта телефон соғып, интернет арқылы бақылап, қорқыту қылмысқа жатады. Тіпті, оның шекарасын бұзып, психологиялық қысым көрсеткендер жазаға тартылады. Бұл туралы «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде республикалық «STOP сталкинг» акциясы аясында өткен басқосуда мамандар айтты.

Бүгінде қоғамда адам ұрлау, некеге мәжбүрлеу, сондай-ақ қудалауға байланысты құқық бұзушылықтар саны артуда. Бұл – қоғамда үлкен резонанс тудырып отырған өзекті мәселердің бірі. Мұндай әрекеттер – жай ғана «жеке мәселе» емес, адамның қауіпсіздігіне, психологиялық және физикалық денсаулығына тікелей қауіп төндіретін құбылыс. Теріс әрекеттердің жолын кесу мақсатында елімізде 2025 жылы 16 қыркүйектен бастап «Сталкинг» туралы заң күшіне енді.