Жамбыл облысында Полиция департаменті қызметкерлері арасында қазақ күресінен облыстық біріншілік өз мәресіне жетті. Додаға 16 командадан құралған жалпы саны 87 қызметкер қатысты.
Тартысты белдесу барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері жоғары дене дайындығын, кәсіби шеберлігін және жеңіске деген жігерін көрсетті. Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Мұхтар Аманбеков мұндай турнирлер тек спорттық жарыс қана емес, сонымен қатар жеке құрамның кәсіби даярлығының көрсеткіші екенін атап өтті. Сондай-ақ, ішкі істер органдары жүйесінде ұлттық спорт түрлерін дамыту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Турнир қорытындысы бойынша белдесуде қарсылас шақ келтірмеген Жамбыл облысы ПД Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының қызметкері Бегімхан Әділбеков «Полиция барысы – 2026» атағына лайық деп танылды. Екінші орынды осы жасақтың қызметкері Орынтай Алматаев иеленсе, үшінші орын Тараз қаласы Полиция басқармасына қарасты Жібек жолы ауданы полиция бөлімінің қызметкері Дияс Айтбековке бұйырды. Командалық есепте үшінші орынды Тараз қаласы ПБ Жібек жолы ауданы полиция бөлімінің командасы иеленді. Екінші орын — Қордай аудандық полиция бөлімінің командасына бұйырса, ал бірінші орынды — Тараз қаласы Полиция басқармасының командасы жеңіп алды.