Аймақта алғаш рет «Зорлық-зомбылықсыз жанұя» атты республикалық форум өтті. Форумға ұйытқы болған ҚР Ішкі істер министрлігі. Алқалы жиында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау, қоғамда құқықтық мәдениетті нығайту мәселелері талқыланды. Сондай ақ еліміздің әр облысынан келген полиция қызметкерлері арнайы қатысып, өңірлердегі алдын алу жұмыстары бойынша тәжірибе алмасты.

Бүгінде өңірде 338 мың 900 отбасы бар. Оның ішінде көпбалалы, төрт және одан да көп балалы 48 мың жанұя тіркелген.Сонымен бірге, «дағдарысты» және «аса күрделі» санатқа жататын отбасылар саны 92 мыңға жетіп отыр. Аталған деректер әлеуметтік саясатты одан әрі жетілдірудің маңыздылығын нақты көрсетеді. Мемлекет осы бағытта тиісті қолдау көрсетіп келеді.Форумды аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев салтанатты түрде ашып, өңірде отбасы институтын нығайту, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.