«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының оқу-жаттығу полигондарында жаңадан тағайындалған тактикалық атыс дайындығы бойынша нұсқаушыларға арналған алғашқы ауқымды оқу курстары аяқталды. Бұл Құрлық әскерлерінің жауынгерлік даярлық жүйесін реформалаудағы маңызды қадам.

Әлемнің түрлі елдеріндегі қарулы қақтығыстардың тәжірибесі көрсеткендей, нысаналарға статикалық қалыпта оқ ату өзектілігін жоғалтып келеді. Оның орнына шынайы ұрыс жағдайында барынша жақындатылған күрделі әрі динамикалық тактикалық-атыс даярлығы келуде.Бұл ретте әскерге жауынгерлік даярлықтың жаңа стандарттарын енгізу мақсатында нұсқаушылар корпусы құрылды. Оның құрамына арнайы дайындықтан өткен, тәжірибелі әскери қызметшілер іріктеліп алынды. Олардың міндеті – тактикалық-атыс даярлығының жаңа әдістемесін меңгертіп, оны жекеқұрамға үйрету. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының полигондарында өткен курстар барысында болашақ тактикалық-атыс даярлығы нұсқаушылары оқытудың озық әдістерін меңгерді. Мұнда теория динамикалық жағдайда тәжірибемен тығыз ұштасқан. Олар кейін бұл тәжірибені өзгелерге үйрету үшін күрделі кешенді жаттығуларды пысықтады.