Оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру мақсатында бүгін «Ашық есік» күні ұйымдастырылды. Іс-шара барысында жоғары сынып жеткіншектері Тараз қалалық прокуратурасының ғимаратына барып, ондағы заң қызметкерлерінің жұмысын көрді.
Бұл – Тараздағы №66 орта мектеп. Білім ордасында Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы атындағы «Болашақ прокурорлар» клубы ашылған. Мұнда жоғары сыныптан құралған 25 оқушы заң үстемдігін басты назарға алып, әділдік пен жауапкершілікті терең сезініп тәрбиеленуде. Сондай-ақ, жас жеткіншектер құқықтық сауаттылығын арттырып, прокурор мамандығына ерте бастан дағдылануда.