Аймақта броконьерлікпен айналысатындардың жолы әлі де кесілмей тұр. Бұл бағытта облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясы рейдтік іс-шаралар жүргізіп, құқық бұзушыларды анықтап, өңірдің табиғаты мен аңшылық алқаптарын қорғау бойынша ауқымды жұмыс атқаруда. Осы орайда Жуалы ауданы аумағындағы Берікқара шатқалында «Заң және тәртіп» қағидаты аясында профилактикалық іс-шара өтті.
Іс-шараны табиғат қорғау прокуратурасы, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, сондай-ақ орман және аңшылық шаруашылығы инспекциясы ұйымдастырды. Бірлескен жұмыс табиғат қорғау заңнамасының сақталуын күшейтуге, заңсыз аң аулау фактілерінің алдын алуға бағытталған.