Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану орталығында Мұқағали Мақатаевтың туғанына 95 жыл толуына орай «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты поэзия кеші өтті. Тағылымды шара ақынның өз дауысымен оқылған «Мавр» поэмасынан алынған аудиоүзіндімен ашылып, көрерменге ерекше әсер сыйлады.

Кеш барысында дәстүрлі әнші, сазгер, «Мұқағали оқулары» байқауының жеңімпазы Алмас Қырғызалиев ақын сөзіне жазылған әндерді орындап, поэзия мен әуеннің үйлесімін көрсетті. Сонымен қатар білім қуған жастар студенттері Мұқағали шығармашылығынан өлеңдер оқыды. Мазмұнды жиын ұлы ақынның мұрасын ұлықтап, оның шығармаларының уақытпен үндесіп, мәңгілік құндылық екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.