Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы – бұл жоғары технологиямен жабдықталған нағыз денсаулық мекені. 2025 жыл аурухана үшін ауқымды жаңғырту кезеңі болды. Мұнда орфандық аурулардан бастап жақ-бет хирургиясына дейінгі бірегей орталықтар ашылды. Сондай ақ, телемедицина арқылы ауылдық дәрігерлер енді операция барысында облыстың үздік хирургтерінен нақты уақыт режимінде кеңес ала алады.
Аурухананың жүрегі – «Қамқорлық» оңалту орталығы. Бес жыл ішінде бұл орталықта 10 мыңға жуық бала оңалтудан өтті. Оның үш мыңнан астамына церебралды сал ауруы диагнозы қойылған. Қазір балалар ем-домның арқасында қимылдай бастаған, еңбектейді, алғашқы сөздерін де айтады. Бұдан бөлек роботтандырылған «Локомат» кешені тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың денсаулығының түзедіп, нығаюына септігін тигізуде.