Президент: Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз
Егемендік пен Тәуелсіздік – бәрінен қымбат қазынамыз, ең асыл құндылығымыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күніне арналған салтанатты жиында осылай деді. Президент бұл мейрамның күллі халықты біріктіретін жалпыұлттық мәніне тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның әлемдегі ең ықпалды елдер қатарында 34-орынға көтерілгенін мәлімдеді. Еліміздің жалпы ішкі өнімі 350 миллиард долларға жақындап, ТМД елдері арасында екінші орынға шыққан. Қазақстанның халықаралық байланыстары да нақты экономикалық нәтижесін беріп жатыр. Жыл басынан бері жалпы құны 60 миллиард доллар асатын 355 коммерциялық келісім жасалды. Цифрландыру саласында да ілгерілеу бар. Елордада Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Astana Hub технопаркі жұмыс істейді. ІТ қызметтерінің экспорты 1 миллиард доллардан асты. Екі суперкомпьютер іске қосылып, отандық компаниялар мен ғалымдардың игілігіне берілді. Әлеуметтік салада да маңызды кепілдіктер бар. Конституцияға сәйкес азаматтар медициналық қызметтің мыңнан астам түрін тегін алуға құқылы. Дегенмен Мемлекет басшысы қол жеткен жетістіктерге тоқмейілсуге болмайтынын ескертті. Елде шешімін күткен мәселелер әлі де бар. Президент оларды жою үшін Үкіметке, депутаттар мен мемлекеттік қызметшілерге жауапкершілік жүктеді.